Турнир » №41 жалпы білім беретін мектеп
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№41 жалпы білім беретін мектеп»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7(727) 275-83-20
Есепші бөлімі:
+7(727) 302-00-34
Нашар көрушілер
нұсқасы
16
ақпан
2021

Турнир

АЛАТАУДЫҢ БАУРАЙЫНДА ӨТКЕН ТУРНИР 

Бүгін  Алматы облысы, Талғар ауданында орналасқан "Алатау" шаңғы-биатлон спорт кешенінде Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында Қысқы президенттік көпсайыстан республикалық турнир болып өтті. 
   Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілген турнирді ҚР Президенттік сынақ және Президенттік көпсайыс федерациялар одағы  мен  "Спорт жұлдыздары" республикалық журналы  бірлесіп ұйымдастырған болатын. Аталған додаға Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, ШҚО және Павлодар облыстарынан ұстаздар қатысып, өзара бәсекеге түсті. Турнирге қатысуға ниет білдіргендер көп болғанмен елдегі санитарлық жағдайға байланысты адам санына шектеу қойылды. 
   Турнирдің ашылу салтанатына "Алаш прайд" жауынгерлік клубының президенті, ҚР құрметті спорт қызметкері, спорт жанашыры Данияр Қасқарауов,  Шаңғыдан Азия чемпионы, екі мәрте Олимпиада ойындарына қатысушы Диас Кенешев, "Спорт жұлдыздары" журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев, журналымыздың Жамбыл облысы мен Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Болатбек Сағымбаевтар қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. 
   Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданынан келген үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі Нәсіп Рахымова  осы турнирді ұйымдастырушы "Спорт жұлдыздары" журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиевке  турнирге қатысушылар атынан шапан жауып, құрмет көрсетті. 
   "Алатау" қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы Тулендин Ардақ Болатұлына турнирге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамыз. 
   Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Қаникамал Дүйсенова ханым мен Нұржан мырза бастаған төрешілер алқасына шын мықтыларды анықтау оңайға түскен жоқ. Дегенмен, бәйге болғасын жүзден жүйрік шыққандар  өздеріне лайықты марапатқа ие болып, елдеріне қуанышпен аттанып кетті. 
   Спорт денсаулық кепілі десек, дені сау ұлт ел болашағы. Осы орайда салауатты өмір салтын насихаттау жолында еңбек етіп жүрген дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің атқарып жүрген еңбектері орасан зор. Осындай турнирге қатысу арқылы олар өздері тәрбиелеп жүрген шәкірттеріне үлгі көрсетеді. Ағайлары мен апайларының жарысқа қатысып, жеңімпаз-жүлдегер болғанын көрген оқушылар оларға еліктеп,  спортқа тартылары сөзсіз. 
   Барша жүлдегер атанған ұстаздарды жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта санитарлық шектеулер алынып, бұдан да үлкен  жарыстар дүркіреп өтсін дегіміз келеді. Қазақ елі жасасын! Қазақ спорты жасасын! Дене шынықтыру пәні мұғалімдері жасасын!
🇰🇿✊✊💪💪🤝🤝👍

Жандос Аянбекұлы 
"СЖ"

Похожие публикации:

05 қаңтар 2021 Іс-шара
06 қаңтар 2021 Іс-шара
15 сәуір 2019 Сенбілік
04 наурыз 2019 спорт 41 мектеп